NoFake

Қазақстан азаматтарын эвакуациялау рейстері Жидда қаласынан жүзеге асырылады

Фото: pixabay.com

Қазақстан елшілігі өңірдегі жағдайға байланысты қазақстандықтарды эвакуациялау рейстері Сауд Арабиясының Жидда қаласынан орындалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұл шешім қауіпсіздік талаптары мен тәуекелдерді бағалау нәтижесінде қабылданған.

Хабарламаға сәйкес, Air Astana әуе компаниясы ұшу қауіпсіздігі талаптарын және ішкі тәуекелдерді бағалау рәсімдерін негізге ала отырып, қазіргі кезеңде эвакуациялық рейстерді тек Жидда қаласынан орындауға дайын екенін мәлімдеген. Бұл шешімді әуе компаниясы авиациялық қауіпсіздік талаптарына байланысты дербес қабылдаған.

Қазақстан Республикасы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды елге ұйымдасқан түрде қайтару үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырып жатыр.

Жүру тәртібі

Ұйымдастырылған эвакуация бірнеше кезеңмен жүзеге асады. Алдымен азаматтар Доха қаласынан Эр-Риядқа дейін автобустармен жеткізіледі. Эр-Риядтағы Қазақстан елшілігі азаматтарға демалып алуға мүмкіндік беретін уақытша аялдау пунктін ұйымдастырады.

Одан кейін азаматтар Эр-Риядтан Жидда қаласына дейін елшілік ұйымдастыратын қосымша автобустармен жеткізіледі.

Жол жүрудің болжамды уақыты:

  • Доха – Эр-Рияд: шекарадан өтуді қоса есептегенде 10 сағатқа дейін;
  • Эр-Рияд – Жидда: шамамен 9–10 сағат;
  • Жалпы жол уақыты: ауысу, демалу және ықтимал күтуді қоса есептегенде 20–24 сағатқа дейін созылуы мүмкін.

Маңызды талап — виза

Қазақстан азаматтарына Сауд Арабиясы Корольдігіне кіру үшін алдын ала рәсімделген жарамды виза қажет.

Визаны:

  • Visit Saudi ресми сайты арқылы өз бетінше;
  • немесе туристік агенттіктер арқылы рәсімдеуге болады.

Виза рәсімдеу кезек тәртібімен жүргізіледі. Қазіргі кезеңде визаны 28 ақпанда ұшуы тиіс болған азаматтар ғана рәсімдеуі қажет. Қалған азаматтарға виза рәсімдеу туралы ақпарат кейінірек хабарланады.

Визасы жоқ азаматтар мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, ұйымдастырылған колонна құрамында жолға шыға алмайды.

Азаматтарға ұсыныстар

Ұзақ жол жүру уақытына байланысты азаматтарға:

  • төлқұжаттың жарамдылық мерзімін тексеру;
  • визаның дұрыс рәсімделгеніне көз жеткізу;
  • өзімен бірге ауызсу, жеңіл тағам және қажетті дәрі-дәрмек алу ұсынылады.

Эвакуациялық рейсті күту кезеңінде азаматтарға уақытша орналастыру және жеңіл тамақ беріледі.

Денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға

Созылмалы ауруы бар адамдарға, қарт азаматтарға, жүкті әйелдерге және кішкентай балалармен жүрген азаматтарға жолдың ұзақтығын ескеріп, өз денсаулық жағдайын алдын ала бағалау ұсынылады.

Қажет болған жағдайда азаматтар уақытша елде қалып, кейін жағдай тұрақталған соң елге қайту мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл туралы Қазақстан елшілігін алдын ала хабардар ету қажет. Сонымен қатар Qatar Tourism ұйымының хабарлауынша, елден объективті себептермен шыға алмай отырған туристерге қонақүйлерде тұру мерзімін ұзарту ұсынылған. Мұндай жағдайда тұру шығындарын қабылдаушы тарап өтейді.

Эвакуация кезектілігі

Эвакуация келесі тәртіппен жүзеге асырылады:

  1. 28 ақпанда ұша алмаған Қазақстан азаматтары;
  2. круиздік лайнердегі азаматтар;
  3. 2–3 наурызға билеті бар азаматтар;
  4. 4–5 наурызға билеті бар азаматтар.

Маңызды ақпарат

Егер азамат ұйымдастырылған эвакуациядан бас тарту туралы шешім қабылдаса, елшілікке еркін формада жазбаша өтініш жолдауы тиіс. Өтініште аты-жөні, паспорт деректері және ықтимал тәуекелдер туралы хабардар екені көрсетілуі керек.

Сондай-ақ азаматтарға:

  • төлқұжат пен визаның қағаз нұсқасын алып жүру;
  • жүк көлемін барынша азайту;
  • телефондарды толық зарядтап, power bank алу;
  • жол бойында жауапты тұлғалардың нұсқауларын орындау ұсынылады.

Жиналу орны, шығу уақыты және қатысушылар тізімін қалыптастыру тәртібі туралы ақпарат қосымша хабарланады.

Оқу үшін