NoFake

Қазақстан азаматтарын шиеленіс аймағынан эвакуациялау: СІМ соңғы деректерді ұсынды

Фото: gov.kz

ҚР Сыртқы істер министрлігі құзыретті органдармен бірлесіп, шиеленіс аймағынан азаматтарды шығару бойынша алғашқы эвакуациялық рейстерді ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Министрлік ұсынған мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда Алматы-Масқат-Алматы бағыты бойынша екі рейс жоспарланған.

«Сейсенбі күні таңертеңгі уақытта 278 қазақстандықтан құралған алғашқы топ Дубайдағы ҚР Бас консулдығының қызметкерлерімен бірге Масқатқа қарай жерүсті көлігімен жолға шықты. БАӘ және Оман шекарасында азаматтарға шекаралық рәсімдерден жедел өтуді қамтамасыз ету үшін консулдық қолдау көрсетілді. Кейін осы бағыт бойынша 189 қазақстандықтан тұратын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, жалпы саны 467 Қазақстан азаматы елге оралады», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ҚР СІМ әуе рейстерінен бөлек эвакуация жерүсті бағыттары арқылы да жүзеге асырылғанын мәлімдеді.

«Атап айтқанда, Қазақстанның Тегеран, Ашхабад және Горгандағы мекемелері Иран-Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» өткізу пункті арқылы 15 ҚР азаматының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Оларға әрі қарай Ақтау қаласына жетуіне қажетті қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, Тегеран және Еревандағы дипломаттар Иран аумағынан «Заркух» компаниясының 35 қызметкерінің Иран-Армения шекарасы арқылы автобуспен шығуына жәрдем көрсетті», — деп жазылған хабарламада.

Министрлік өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін сол жердегі жұмысты үйлестіруді жалғастырып, азаматтармен тұрақты байланыста болатынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Көлік министрлігі Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға азаматтарын шығару жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған еді.

Оқу үшін