Астана әуежайы «қалып қойған» жолаушының терминалда жүргенін растады

Фото: www.nn-airport.kz
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай аталған жолаушының терминалда жүргенін растады, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Аталған жолаушыға қатысты Қазақстан Республикасының аумағына кіруге тыйым салу шарасы қолданылған. Қосымша түсіндіреміз: шетел азаматтарының елге кіруі, транзиті және құқықтық мәртебесіне қатысты мәселелер шекара қызметі органдарының құзыретіне жатады. Осыған байланысты белгіленген тәртіппен түсіндірме алу үшін Астана қаласының шекаралық бақылау басқармасына ресми сауал жолдауды ұсынамыз», – деп мәлімдеді әуежай өкілдері.
Шетел азаматы Қазақстанға кіруге тыйым салынуына байланысты Астана әуежайының транзиттік аймағынан шыға алмай отыр. Бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде Ресей азаматы Зелимхан Муртазовтың 2025 жылғы 26 желтоқсаннан бері елордалық әуежай терминалында жүргені туралы ақпарат тарады.
Бұған дейін адвокат Елена Жигаленок Муртазовтың денсаулығы нашарлағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, ер адам бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған, кейін бөлімшесіне қайтудан бас тартқан. Ол Қазақстан арқылы Түркияға ұшқан, алайда Стамбұл әуежайында шетелдік паспорты тәркіленіп, Астанаға кері қайтарылған. Қазақстан шекара қызметі оны елге кіргізбеген.
Құқық қорғаушылар тиісті органдарға шағым жолдап, мәселені халықаралық деңгейде көтеріп жатқанын хабарлады.


