Щучинскіде болған жарылыс: тағы бір зардап шеккен адам көз жұмды

Фото: Ақмола облысы ТЖД
Ақмола облысында Щучинск қаласындағы дәмханада газ жарылысы салдарынан зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл ақпаратты өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.
Науқас бүгін, 3 наурыз күні көз жұмған. 2 наурызда Көкшетау қаласындағы ауруханада үш науқастың жағдайы ауыр, ал біреуінің жағдайы өте ауыр екені хабарланған еді. Тағы төрт зардап шеккен адам Щучинскіде ем қабылдап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Щучинск қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде жарылыс болып, салдарынан 7 адам қаза тапқан еді. Осыған орай, ҚР ТЖМ зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған болатын.


