Үкіметке картамен келген министр Таяу Шығыстан эвакуация жолдарын көрсетті

Скрин видеодан
Үкіметке картамен келген Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Таяу Шығыста жабылған әуе кеңістігі жағдайында қазақстандықтарды елге қайтару қалай ұйымдастырылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оның айтуынша, эвакуация бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр және рейстер арнайы маршруттар арқылы орындалуда. Брифинг барысында министр Flightradar сервисінен алынған жабық әуе кеңістігінің картасын көрсетті. Оның сөзінше, өңірдегі шамамен онға жуық мемлекет әуежайларын жапқан, ал соққылар әуе инфрақұрылымына бағытталған.
Сауранбаев Дубайдан орындалған рейс жалпы әуе кеңістігі ашылды дегенді білдірмейтінін нақтылады.
«FlyDubai компаниясының шешіміне сәйкес, 28 ақпанға билет сатып алған, бірақ 1–2 наурызда ұша алмаған Қазақстан азаматтары ұшты. БАӘ басқа әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жапты, бірақ өз ұлттық компанияларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік берілді. Сондықтан кешегі рейс орындалды», – деді министр.
Министрдің айтуынша, қолында алдын ала сатып алынған билеті бар азаматтар ғана осы рейспен елге оралған. Ал транзитте қалған және билеті жоқ қазақстандықтарды қайтару көрші елдер арқылы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бірінші бағыт – Оман Сұлтанаты. Дубайдан қазақстандықтар автобуспен Маскатқа жеткізілген.
«Күн соңына дейін Оманнан Қазақстанға 467 азаматты екі рейспен қайтаруды жоспарлап отырмыз», – деді Сауранбаев.
Екінші бағыт – Қатар арқылы Сауд Арабиясына. Азаматтар автобуспен Эр-Риядқа, одан кейін Джиддаға жеткізіліп, сол жерден қазақстандық әуе компанияларының рейстерімен елге ұшырылады. Министр екі негізгі маршрут қарастырылғанын атап өтті: бірі Сауд Арабиясы мен Мысыр бағыты арқылы, екіншісі Түркия немесе Пәкістан арқылы Қазақстанға шығатын бағыт.
Осылайша, эвакуация бірнеше мемлекет арқылы транзиттік тәсілмен ұйымдастырылып жатыр. Министр азаматтарды сабыр сақтауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.


