Отбасы банк БЗТ есебінен несиені ішінара және толық өтеу тәртібін түсіндірді

Фото: Отбасы банк
Отбасы банк enpf-otbasy.kz платформасында зейнетақы жинақтарының артық бөлігін несиені ішінара және толық өтеуге пайдалану бойынша өтінімдерді қайта қабылдай бастады.
Отбасы банктің хабарлауынша, бұған дейін бұл мақсаттағы өтінімдерді қабылдау бір айға тоқтатылған болатын.
«Бұл банктің қашықтан қызмет көрсету сервистерін – мобильді қосымша мен otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетті – жаңа талаптарға бейімдеу үшін қажет шара болды. Өзгерістер тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына енгізілді. Атап айтқанда, «берешек» термині «негізгі қарыз» терминімен ауыстырылды», — делінген хабарламада.
Банк бұл азаматтар үшін енді БЗТ есебінен қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеген кезде қаражат тек несиенің негізгі қарызын азайтуға ғана бағытталатынын білдіретінін атап өтті.
«Қарыз бойынша есептелген сыйақы, сондай-ақ ай сайынғы төлем құрылымына кіретін өзге де ілеспе төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен дербес төлейді. Отбасы банкте БЗТ көмегімен қарыздарды ішінара және толық өтеу үдерісі енді екі кезеңнен тұрады», — деді банк өкілдері.
Банк ұсынған мәліметтерге сәйкес, бірінші кезең – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының артық бөлігін сұратудан тұрады.
«Бұл кезең өзгерген жоқ. Банк клиенті enpf-otbasy.kz платформасына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіреді. Сөйтіп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық қарыз берешегін ішінара немесе толық өтеу» мақсатын таңдайды. Өтінімді қол қойып, БЖЗҚ-ға жібереді. Өтінім 5 жұмыс күні ішінде қаралады және егер артық қаражат болса, БЗТ сомасы Отбасы банктегі арнайы шотқа аударылады», — деді мамандар.
Бұл ретте, қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін клиент 20 жұмыс күні ішінде оны пайдалануы тиіс, дейді банк өкілдері.
«Екінші кезең – ағымдағы шотты өз қаражатымен толықтыру. Бұрын мұндай кезең болмаған.Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, БЗТ есебінен енді тек негізгі қарызды өтеуге болады. Сондықтан қарыз алушылар есептелген сыйақы сомасын (және өзге де төлемдерді) алдын ала Отбасы банктегі ағымдағы шотына аударуы қажет», — делінген хабарламада.
Отбасы банк өкілдерінің мәліметінше, ағымдағы шотқа енгізілуі тиіс сома банктің қашықтан қызмет көрсету сервистерінде БЗТ көмегімен қарызды ішінара немесе толық өтеу кезінде автоматты түрде көрсетіледі.
Отбасы банк БЗТ көмегімен қарыздарды ішінара және толық мерзімінен бұрын өтеудің тәртібін тізіп берді:
1. Клиент Отбасы банк мобильді қосымшасында немесе otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында авторизациядан өтеді.
2. Операция жүргізуді жоспарлаған қарызын таңдайды.
3. Қолжетімді операциялар тізімінен «Ішінара мерзімінен бұрын өтеу» тармағын таңдайды.
4. Одан кейін қарызды өтеу жүргізілетін шотты таңдайды. Егер БЗТ қаражаты бар арнайы шот таңдалса, клиенттің басқа – ағымдағы шотында болуы тиіс ең төменгі сома көрсетіледі. Бұл сома несие бойынша банктің сыйақысын төлеуге бағытталады.
5. Егер ағымдағы шотта банктің сыйақысын төлеуге жеткілікті қаражат болса, «Жалғастыру» батырмасы белсенді болады және клиент келесі қадамға өтеді.
6. Клиентке ішінара мерзімінен бұрын өтеудің егжей-тегжейі көрсетіледі. Осы кезеңде операция шарттарымен танысып, келісім белгісін қойып, «Жалғастыру» батырмасын басу қажет.
7. Жүйе ішінара мерзімінен бұрын өтеуге өтініш қалыптастырады. Клиент өтінішпен танысып, SMS арқылы алынған OTP-код көмегімен оған қол қояды. Бұдан кейін операцияның өңделуін күту қажет.
8. Өңдеу аяқталған соң «Жалғастыру» батырмасы қолжетімді болады. Клиентке жаңа төлем кестесі танысу үшін ұсынылады. Операцияны аяқтау үшін кестеге OTP-код арқылы қол қою қажет. Өңдеу аяқталғаннан кейін клиент кестені жүктей алады.
9. Соңғы қадамда «Аяқтау» батырмасы көрсетіледі. Клиент қарыздың ішінара мерзімінен бұрын өтелгені туралы хабарламаны көреді.
Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банк 2 наурыздан бастап пәтер тек түгендеуден өткендерге берілетінін хабарлаған еді.


