Эвакуация мәселесі күн тәртібінде: СІМ шұғыл мәлімдеме жасады

Фото: gov.kz
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы қазақстандықтардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомство мәліметінше, дипломатиялық өкілдіктер жергілікті билік органдарымен және азаматтармен тұрақты байланыста. Төтенше байланыс желілері мен мессенджерлер арқылы тәулік бойы ақпарат алмасу ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
«Өңірдегі шет елдердегі мекемелердің дипломаттары жағдайдың дамуын үздіксіз бақылап, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында тұрақты байланыста», – деп хабарлады министрлік.
Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймақтарында қазақстандықтардың ең көп бөлігі БАӘ-де (шамамен 3 500 адам), Сауд Арабиясы Корольдігінде (3 000-ға жуық) және Қатарда (1 500-ге жуық) тіркелген. Сондай-ақ Иранда – 82, Бахрейнде – 168, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134, Израильде шамамен 100 азамат бар.
Әскери іс-қимылдарға байланысты бірқатар елдердің әуе кеңістігі жабылған. Рейстердің тоқтауына орай Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп азаматтарды уақытша қонақүйлерге орналастыруда.
«БАӘ қонақүйлерінде біздің азаматтарға жағдай тұрақталғанға дейін тұру және тамақтану қамтамасыз етілген», – делінген ресми хабарламада.
Министрлік эвакуация бағыттарын пысықтап жатқанын растады. Қауіпсіздік мақсатында азаматтарға өз бетінше қозғалыс жасамау ұсынылады.
«Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шаралары халықтың неғұрлым осал санаттарына – қарт адамдарға, әйелдер мен балаларға көрсетіледі», – деп атап өтті СІМ.
Бұған дейін Тегераннан 50 қазақстандық эвакуацияланған. Армения, Әзербайжан және Түрікменстан тарапымен көрші елдер арқылы шығару мәселесі бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген. Жедел ақпараттандыру үшін министрлік заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдаланып отыр. Ресми ақпарат азаматтардың мобильді құрылғыларына тікелей жеткізілуде.
СІМ өңірдегі жағдай толық тұрақтанғанға дейін азаматтарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды. Айта кетейік, СІМ ұсынған шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлері туралы жазған болатынбыз.


