NoFake

150-ден астам дроппер заңсыз криптооперацияларға тартылған – ҚМА

Фото: depositphotos

Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысында 150-ден астам дроппер қатысқан заңсыз криптовалюта схемасын анықтады, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Тергеу барысында ұйымдастырушы міндетті тіркеусіз және лицензиясыз қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен операциялардан табыс табу схемасын құрғаны анықталды. Схеманы іске асыру үшін нақты рөлдері бөлінген, иерархиясы бар тұрақты топ құрылған. Қатысушылар дропперлерді іздеп, олардың атына банк карталарын және криптовалюта биржаларында аккаунттар рәсімдеп отырған. Кейін сол шоттар арқылы қаржылық операциялар жүргізіліп, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған», – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.

ҚМА мәліметінше, схемаға 150-ден астам дроппер тартылған.

«Дропперлердің банк карталарына түскен қаражат ATAIX биржасындағы криптоәмияндарға аударылған. Қаражаттың заңды көрінісін қалыптастыру үшін дропперлер мен байланысы бар ЖШС арасында жалған қарыз шарттары рәсімделген. Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, OKX биржасындағы криптоәмияндарға жіберілген», – делінген агенттік мәліметінде.

Сонымен қатар қаражатты айырбастау және шығару үшін бақылаудағы айырбастау пункті пайдаланылып, ақша шетел валютасына конвертацияланған.

«Нәтижесінде цифрлық активтерді өткізу бойынша операциялардың жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеден асты. Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы және 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді. Қазіргі уақытта бес күдікті қамауға алынды», – деп нақтылады ҚМА баспасөз қызметі.

Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Оқу үшін