NoFake

Щучинскідегі жарылыс: қаза тапқандардың жақындарына әлеуметтік қолдау көрсетіледі

Фото: ДЧС по Акмолинской области

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Щучинсктегі жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстарына әлеуметтік қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Естеріңізде болса, Бурабай ауданының Щучинск қаласында тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, артынша өрт шықты. Соңғы мәліметтер бойынша, зардап шеккендер саны 28 адамға жеткен. Олардың жетеуі қаза тауып, 10 адам жансақтау бөлімінде жатыр, қалғандарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқаны белгілі болды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ведомствоаралық комиссия құрды. Оның құрамына бейінді министрліктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері енгізілді. Комиссия орын алған оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде.

«Қаза тапқандардың асырауында еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелері болған жағдайда, олардың отбасыларына республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге арналған жәрдемақы қарастырылған», — делінген министрлік хабарламасында.

Одан бөлек, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменті қызметкерлері әрбір отбасыға тиесілі әлеуметтік төлемдерді жедел рәсімдеу үшін қажетті консультациялық қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Щучинск қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде жарылыс болып, салдарынан 7 адам қаза тапқан еді. Осыған орай, ҚР ТЖМ зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған болатын.

Оқу үшін