Министрлік мұғалімінен зорлық көрген оқушының жағдайы туралы мәлімдеді

Фото: depositphotos
Шымкентте мұғалім тарапынан зорлық көрді деген күдікке ілінген 7 жастағы оқушы қыздың жағдайына қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлады NoFake.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, балаға қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті баланың жағдайы бақылауда екенін мәлімдеді.
«Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл оқиға анықталғаннан кейін бірден барып, баланың анасымен тұрақты байланыс орнатты. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады комитет.
Ведомство мәліметінше, баланың қауіпсіздігі мен амандығы – басты басымдық. 2024 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық-зомбылық үшін заң талаптары күшейтілген.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, мектеп мұғалімі 7 жастағы оқушы қызға қатысты әдепсіз әрекеттер жасаған. Шымкент қалалық полиция департаменті кәмелетке толмаған қызға қатысты тиісу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. . Бұл деректі Шымкент қалалық білім басқармасы растады. Оқиға «Нұртас» жекеменшік мектебінде болған.


