Зейнетақы ақшасын ипотекаға пайдалану тәртібі өзгерді – Отбасы банк түсіндірді

Фото: Otbasy bank
Отбасы банк зейнетақы жинақтарының артығын пайдаланып, ипотекалық қарыздарды ішінара немесе толық өтеу тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, енді біржолғы зейнетақы төлемдері тек негізгі қарызды өтеуге жұмсалады.
Банк мәліметінше, бұрын клиенттер зейнетақы жинақтарының артығын пайдаланып, ипотека бойынша ай сайынғы төлемді толық жаба алатын. Ал жаңа талаптар бойынша, біржолғы зейнетақы төлемі тек негізгі қарызды азайтуға бағытталады.
«Енді зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана отырып, ипотекалық қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды өтеуге болады. Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен ай сайынғы төлемді толық жабу мүмкін болмайды», – деп түсіндірді Отбасы банкте.
Сыйақы (пайыздар) және ай сайынғы төлем құрамына кіретін басқа төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс. Яғни, алдымен пайыздар мен қосымша төлемдер өтеліп, содан кейін ғана негізгі қарыз зейнетақы жинақтарының артығы есебінен жабылады.
«Жаңа талаптарға байланысты қарыздарды ішінара немесе толық өтеу процесін қайта бейімдеу қажет. Осыған байланысты банктің цифрлық сервистері жаңартылып жатыр», – деп хабарлады қаржы ұйымы.
Осы өзгерістерге байланысты enpf-otbasy.kz платформасы арқылы зейнетақы жинақтарының артығын пайдаланып қарызды өтеуге арналған өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 30 қаңтарынан 2 наурызына дейін уақытша тоқтатылған. Ал 30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер бұрынғы тәртіп бойынша қаралады.


