NoFake

Щучинсктегі жарылыстан көз жұмғандардың саны жетіге жетті

Фото: Ақмола облысы ТЖД

Щучинск қаласындағы дәмханалардың біріндегі жарылыстан қаза тапқандар саны 7 адамға жетті, деп хабарлайды NoFake.kz.

Жарылыс кезінде ғимарат ішінде болған адамдардың бірқатары түрлі жарақат алған. Барлығы 28 адам зардап шеккен, олардың 13-і ауруханаға жатқызылған. Қалған азаматтарға медициналық көмек көрсетіліп, жағдайлары бақылауға алынған.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар 10 адамды ғимараттан алып шыққан. Өртті сөндіру кезінде құтқару қызметі ғимарат ішінен қауіпті заттарды да шығарған.

«Өрт сөндірушілер жанып жатқан дәмханадан көлемі әрқайсысы 50 литр болатын 5 газ баллонын және 2 оттегі баллонын алып шықты. Бұл ғимарат ішінде қайталама жарылыстардың алдын алуға мүмкіндік берді», – деп хабарлады Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан жедел желі ашылды. Байланыс нөмірі: 8 (7162) 51-42-98.

Қазіргі уақытта зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.

Оқу үшін