NoFake

Қаржылық сауат: Министрлік «абайша» жадынама жариялады

Фото: Gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті қаржылық сауаттылыққа арналған «абайша» жадынама ұсынды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Құжатта Хакім Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» қағидасы заманауи қаржы тіліне бейімделген. Қазіргі заманда қашық болу керек бес нәрсе:
– импульсивті сауда;
– қарызға тәуелділік (кредит, рассрочка);
– азарттық ойындар;
– қаржы пирамидалары;
– дропперлік (заңсыз ақша айналымына қатысу).

Ал асық болуы тиіс дүниелер ретінде: табыс пен шығынды қағазға түсіру,  ақшалай қор жинау,  айналасына табысты адамдарды жинау, қаржылық білімді көтеру/оқу, қайырымдылық жасау көрсетілген.

Қаржыгердердің айтуынша, тіпті қолға тиген ірі сома (мәселен, 100 млн теңге) қаржылық білім болмаса, бір айдың ішінде желге ұшуы мүмкін.

«Сол үшін мыңдап өсіп келе жатқан ардақты оқырманымыздың қаперінде жүрсін деген мақсатпен шағын жадынама әзірлеп қойдық. Ол каналдың «шапкасында» үнемі сақтаулы тұрады», — делінген хабарламада.

Қаржыгерлер ұсынған 5 негізгі қағида:

Комитет ақшаның берекесін кіргізіп, жинақ қалыптастыру үшін мынадай әдеттер қалыптастыруды ұсынады:

 «Табыс пен шығыс. Кәдімгідей бақылау керек. Қағазға түсіріп тұрып, күнделік жүргізу керек. Қайда қанша ақша кетіп жатқанын біліп отырсаң, үнемдеу жолы жеңілдейді.

50/30/20. Осы әдіске шама келгенше берік болу керек. Бұл ереже табыстың:

50%-ын қажеттілікке (кредит/үй арендасы, тамақ, коммуналдық төлемдер)

30%-ын қалауыңа (киім/зат алу, ойын-сауық, саяхат)

20%-ын жинақ пен инвестицияға бөліп үйрен», — деген кеңес береді мамандар.

Мамандар көпшіліктің айлық табысы аз екенін ескергенде бұл мүмкін еместей көрінгенімен, қаржылық сауаттылықты арттыруды шын қалаған адам осыны үйрену керектігін алға тартады.  

 «Алдымен өзіңе төле!» Бұл – өте керек принцип. Мағынасы былай: жалақы түскен бойда кемінде 10%-ын жинақ қорға аудару керек. Кей банктерде оны автоматты түрде аударып тастайтын механизмді қостырып қоюға болады. Сосын, бұл тек айлыққа қатысты емес. Премия түссе де, үй/көлігіңе көрімдік, жеңісіңе ақшалай байғазы алсаң да, ол тіпті 10 мың теңге болса да, 10%-ы — 1000 (мың) теңгені де сол жинаққа аударып отыру керек. Сеніңіз, қор жиналады! Бұл әдетті және балаға да үйретіп қойғанның еш артықтығы жоқ», — делінген жазбада.

Қосымша табыс көзі: Бос уақытты монетизациялау (фриланс, курьерлік қызмет немесе хоббиді табысқа айналдыру).

Саналы тұтыну: Netflix немесе Apple Music сияқты артық жазылымдардан бас тарту және «импульсивті саудадан» (эмоциямен сатып алу) аулақ болу. Кез келген затты алар алдында өзіңізге 24 сағат ойлануға уақыт беріңіз.

«Бөліп төлеу» – алдамшы жеңілдік пе?

«Оның пайызы, әлбетте, болады. Бөліп төлеуге мүмкіндік ұсынатын банк пен сатушы көретін пайдасын тауар сөреге шыққанша белгілеп қояды. «Рассрочкамен» тұрақты алып тұрған тауарға ай сайын тұрақты ақша жұмсайтынымызды ұмытпауымыз керек. Ол да қалтадан сытылып кететін шығын», — делінген жадынамада.

Бөліп төлеу сырттай пайызсыз көрінгенімен, тауар құнына банктің пайдасы алдын ала қосылатынын ескеру қажет. Бұл құрал адам бойында «азарт» оятып, ай сайынғы бюджеттің едәуір бөлігін шығынға батырады.

Оқу үшін