Қарағанды облысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады

Фото: asker.kz
25 ақпан күні Қарағанды облысы аумағында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары кезінде Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, экипаж дер кезінде катапульт жасап үлгерген. Ұшқыштар аман, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазіргі уақытта олар медициналық мамандардың бақылауында.
Ұшақ құлаған аумақ қоршауға алынды. Тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төнбегені хабарланды.
«Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арнайы комиссия құрды. Комиссияны ұшу қауіпсіздігі жөніндегі департамент басқарады. Оның құрамына авиациялық қызметтің білікті мамандары енгізілген», — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.


