ДСМ кей дәрілік препараттардың тапшылығын жоққа шығарды

Иллюстрация: freepik.com
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов кейбір дәрілік препараттардың тапшылығына қатысты жауап берді.
Ведомство өкілінің хабарлауынша, Қазақстанда ацеклавир, анальгин, димедрол және т.б. кейбір дәрілік препараттардың тапшылығы жоқ.
«Мен ондай ақпаратты растамаймын, себебі дәрілік заттардың таңбалануы бойынша қазіргі таңда барлық дәрілік препараттар Қазақстан Республикасы аумағында бар. Димедрол, парацетамол, анальгин бәрі айналымда бар. Басқа жаңадан шыққан дәрілер, барлығы бар. Депутат Әбенов ондай дәрілерді айналымнан алып тастады деген жоқ, ондай дәрілер азайып кетті деп отыр. Өйткені оларды әкелуге коммерциялық құрылымдардың қызығушылығы жоқ, себебі арзан. Сондықтар мемлекет оны өзі тіркеп, өзі әкелетін болады», — деді ол.
Ол аталған дәрілерді мемлекеттік маңызы бар препараттар қатарына жатқызды.
«Қарапайым емес, мен айтар едім мемлекеттік маңызы бар дәрілер. Коммерциялық құрылымдардың ондай арзан дәрілерге қызығушылығы төмен. Сол себепті аталған заң жобасының аясында біз денсаулық сақтау министрлігі өзінің бастамасымен осындай дәрі-дәрмектерді елімізге тіркеуге және енгізуге құзырлы болатын болды.
Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібі қаралған еді.


