ІІМ Атыраудағы ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты күдіктілер туралы пікір білдірді

Фото: gov.kz
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында ҚР ІІМ вице-министрі Санжар Әділов Атыраудағы ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Вице-министр күдіктілердің Индонезияда ұсталғанын растады.
«Толық ақпарат берілді, мен растаймын. Күдіктілер Индонезия елінде ұсталды. Қазіргі таңда оларды алып келу мәселесі шешілуде. Сондай-ақ, тергеу амалдары белсенді түрде жүргізілуде. Сонымен қатар қажетті сараптамалар тағайындалды», — деді вице-министр.
Сондай-ақ вице-министр қылмыстық істі жүргізу барысына тоқталды.
«Халықаралық іздестіру жарияланған кезде, интерпол қызметкерлері, ІІМ қызметкерлерімен арнайы топ құрып, іздестіру жұмысының нәтижесінде екі күдікті ұсталды. Тағы да айта кетейін, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін толық ақпарат беріледі», — деді ол.
Айта кетейік, Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған еді.


