NoFake

2 наурыздан бастап пәтер тек түгендеуден өткендерге беріледі – Отбасы банк

Фото: Отбасы банк

2026 жылғы 2 наурыздан бастап «Отбасы банк» тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтарға тек инвентаризациядан өткеннен кейін ғана үлестіреді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бүгінде облыс әкімдіктері банкке 13 393 пәтер тапсырған. Оның 8 846-сы – жалдамалы, 4 547-сі – несиелік тұрғын үй. Үлестіру басталғалы бері 4 216 отбасы баспаналы болған.

Отбасы банк инвентаризацияның маңызын былай түсіндіреді:

«Түгендеу – бұл кезекте тұрған азаматтардың деректерін нақтылау рәсімі. Біз азаматтың өзекті мәртебесін, отбасы құрамын, санатын және тұрғын үйінің бар-жоғын мемлекеттік дерекқорлар арқылы тексереміз. Бұл қателіктерді болдырмауға және баспананы шынымен мұқтаж азаматтарға әділ бөлуге мүмкіндік береді».

Банк бұған дейін тұрғын үй бөлу процесін жедел бастау үшін пәтерлерді түгендеуден өтпеген азаматтарға да уақытша үлестіргенін атап өтті. Алайда кейін тексеру барысында кейбір азаматтардың бұрыннан баспанасы бар екені немесе отбасы құрамының өзгергені анықталып, бөлу процесін қайта бастауға тура келген.

«Осындай жағдайлар процестің созылуына әкелді. Сондықтан 2 наурыздан бастап инвентаризация тұрғын үй бөлу алдындағы алғашқы әрі міндетті кезеңге айналады. Түгендеуден өтпеген азаматтар кезектен шығарылмайды, бірақ тұрғын үй бөлуге қатыса алмайды», – деп хабарлады банк.

Бұл талап жалдамалы тұрғын үйге де, 2% және 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несиелерге де қатысты. Қазіргі таңда кезекте тұрған 257 мың азамат түгендеуден өткен.

Оқу үшін