Жалған қосымша орнатқан оралдық 5 млн теңгесінен айырылды

Фото: freepik.com
Орал қаласының тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болып, 5 млн теңге көлемінде шығынға ұшырады, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Белгісіз адамдар әйелге қоңырау шалып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұраған. Кодты алғаннан кейін алаяқтар қайта хабарласып, өздерін банк қызметкерлері және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің “мамандары” ретінде таныстырған. Олар “қаражатты қорғау” сылтауымен жәбірленушінің атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, операцияны “тоқтату” үшін арнайы қосымшаны шұғыл орнату қажет екенін жеткізген. WhatsApp арқылы жіберілген файлды орнатқаннан кейін әйелдің телефонына қашықтан қол жеткізілген»,-деп жазды Polisia.kz басылымы.
Алаяқтар мобильді құрылғыны толық бақылауға алып, 5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп, қаражатты өз пайдаларына жаратқан. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.


