Instagram арқылы бірнеше рет алаяқтық жасаған астаналық 6 жылға сотталды

Фото: freepik.com
Астанада әлеуметтік желі арқылы жалған инвестиция, арзан туристік жолдама және шетелде жұмысқа орналастыруды уәде етіп, азаматтарды алдаған тұрғын 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Астана қалалық прокуратурасының мәліметінше, сотта ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып бірнеше рет алаяқтық жасаған азаматшаға қатысты мемлекеттік айыптау қолдау тапқан.
«Сотталушы жәбірленушілерді жаңылыстырып, олардың сенімін теріс пайдалану арқылы ақшалай қаражатты иемденген. Қаражат жеке мақсаттарына жұмсалып, уәде етілген қызметтер көрсетілмеген», – деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 10 адам зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын 7,7 млн теңгеден асқан. Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотқа сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынып, нақты жаза тағайындау қажеттігін негіздеген.
«Сот үкімімен азаматша 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары толық көлемде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді», – деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ұсынылатын жеңіл табыс, арзан турлар мен инвестициялар туралы күмәнді хабарландыруларға сенбеуге шақырады. Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет екенін ескертті.


