Министрлік егіс алқаптарын дизель отынымен қамтамасыз ете ала ма: министр жауабы

Фото: pixabay.com
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысымен таныстырды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Министрдің мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық аясында Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген дизель отынын жеткізу кестесі бекітілген. Оған сәйкес, ҚР Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2026 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығындағы кезеңде диқандарды 402 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз етеді.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету мақсатында жеке ПИН-кодтар алу, дизель отынының түсін сары, көк және қызылға бояу, электрондық шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру туралы шаралар қабылданды», — деді министр өз баяндамасында.
Оның сөзінше, аталған шаралар мұнай жеткізушілер тарапынан дизель отынын АШТӨ операторларына мақсатты түрде нақты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынын жөнелту Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Одан бөлек, отырыс барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін шекті баға нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағада бекітілгенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырсында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл елімізде жүгері алқаптарының ұлғайғанын мәлімдеген еді.


