NoFake

Астанада зейнеткерден 6 млн теңге алған шетелдік күдікті ұсталды

Фото: gov.kz

Астанада телефон арқылы жасалған алаяқтық дерегі бойынша 33 жастағы шетел азаматы ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Белгісіз ер адам зейнеткерге бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, өзін Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Ол күмәнді қаржылық операциялар анықталғанын айтып, қаражатты «сақтап қалу» үшін беруге көндірген. Алаяқтың нұсқауын орындаған әйел 6 миллион теңгені такси курьеріне табыстаған. Кейін ол ақша белгісіз тұлғаға берілген»,- деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Біраз уақыттан соң әйел алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.

««Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 33 жастағы шетел азаматын анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалар анықталып жатыр»,-деді Астана қалалық полиция департаменті.

Айта кетейік, Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері қолма-қол ақшаны курьер арқылы беруді талап етпейді.

Оқу үшін