ЖИ-мен диалог: Жауаптардың бейтараптығын қалай тексереміз

Фото: Depositphotos
Жасанды интеллект (ЖИ) – білімдар көмекші, бірақ ол кейде «сикофантияға», яғни пайдаланушының пікіріне жағымпаздануға бейім келеді. NoFake.kz оның жауаптарын сүзгіден өткізу үшін мынадай әдістерді қолдануды ұсынады.
1. «Қарсы тараптың адвокаты» әдісі
ЖИ көбіне біржақты ақпарат беруі мүмкін. Оны тексеру үшін классикалық Сократтық сұрақтар әдісін пайдаланыңыз. Бұл әдіс ақпараттың ақиқаттығын логикалық қарама-қайшылықтар арқылы тексеруге негізделген.
Лайфхак: «Осы мәселе бойынша қарама-қайшы пікірлерді атап өт» немесе «Бұл идеяның 3 кемшілігі мен тәуекелін жаз» деп сұраңыз. The Foundation for Critical Thinking нұсқаулықтары бойынша, кез келген тұжырымды жан-жақты сұрақ астына алу – объективтіліктің кепілі.
2. Сикофантия (Жағымпаздық) тесті
Зерттеулер көрсеткендей, ЖИ модельдері пайдаланушының сұрақ қою мәнеріне қарай бейімделіп, соның пікірін растауға тырысады (Confirmation Bias).
Лайфхак: Екі түрлі чат ашып, сұрақты екі түрлі реңкте қойыңыз. Мысалы: «Белгілі бір заттың пайдасы қандай?» және «Ол неге зиян?». Anthropic зерттеушілері өздерінің Sycophancy in Language Models еңбегінде ЖИ-дің пайдаланушының қате пікірін де мақұлдауға бейім екенін дәлелдеген. Сондықтан жауапты әрқашан «айналы» әдіспен тексеріңіз.
3. Дереккөздерді «тергеу» (Галлюцинациядан сақтану)
ЖИ кейде өте сенімді түрде өтірік айтуы мүмкін (бұл «галлюцинация» деп аталады).
Лайфхак: «Осы ақпаратты растайтын 3 тәуелсіз ғылыми зерттеу немесе ресми сайттарға сілтеме бер» деп талап етіңіз. IEEE Spectrum мамандары How to Spot AI Hallucinations мақаласында деректерді нақты фактілермен салыстырудың маңыздылығын ескертеді.
4. Рөлдік «Көпбұрыш» (Persona Prompting)
ЖИ-дің бір бағытты көзқарасынан құтылу үшін оған әртүрлі әлеуметтік немесе кәсіби рөлдерді жүктеңіз.
Лайфхак: «Осы мәселеге скептик-ғалымның және оптимист-кәсіпкердің көзімен баға бер» деп сұраңыз.
Learn Prompting қауымдастығының Persona Prompting әдістемесі бойынша, рөлдерді өзгерту — жасанды интеллектінің ішкі бейтараптық алгоритмдерін іске қосудың ең тиімді жолы.
5. Лингвистикалық талдау
Объективті мәтінде эмоционалды бояуы бар сөздер, эпитеттер болмауы тиіс.
Лайфхак: Мәтіннен «таңғажайып», «сөзсіз ең жақсы», «қауіпті» деген сияқты бағалауыш сөздерді іздеңіз. Олар көп болса, демек, жауап бейтарап емес. Бұл медиасауаттылық (Media Literacy) саласындағы стандартты тәсіл. Тілдік манипуляцияны анықтау арқылы ақпараттың сапасын түсінуге болады.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша жасанды интеллектпен диалог барысында өзіңізге мына сауалдарды қойып отырған пайдалы болмақ:
Мен ЖИ-ге өз пікірімді таңған жоқпын ба?
ЖИ маған сол тақырыптың кемшіліктері мен қаупі туралы айтты ма?
Берілген дереккөздер шынымен бар ма?
Бұл лайфхактарды қолдану сізді ЖИ-дің пассивті тұтынушысынан оның саналы редакторына айналдыра алады.


