Алматыда 245 ерекше бала оқыған мектеп жабылды: әкімдік түсініктеме берді

Фото: vlast.kz
Алматыда ерекше балаларға арналған «Педагог академиясы» жекеменшік мектебінің жабылуына қатысты Алматы қаласы әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыда аутизм және дамуында кідірісі бар 245 бала білім алған жекеменшік мектептің қызметі тоқтағаны жөнінде ақпарат жарияланды. Мәліметке сәйкес, оқу орны мемлекеттік қаржыландырусыз қалғаннан кейін жабылып, педагогтер жұмыссыз қалған.
Әкімдік мәліметінше, мектеп бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қаржыландырылғанымен, жаңа талаптарға сәйкес ғимараттың нысаналы мақсаты заңнамаға сай болуы міндетті.
«Басқарма жүргізген талдау нәтижесінде білім беру қызметі жеке тұрғын үйде жүзеге асырылып отырғаны анықталды. Бұл белгіленген нысаналы мақсатқа және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейді», – делінген әкімдік жауабында.
Сондай-ақ қала әкімдігі балалардың білім алу құқығы толық қамтамасыз етілетінін атап өтті. Оқушылар тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік мектептерге ауыстырылып, оқу процесінің үздіксіздігі сақталады.
«Қала әкімдігі балаларды назардан тыс қалдырмайды және олардың білім алу жөніндегі конституциялық құқығын қамтамасыз етеді. Оқушылар тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік жалпы білім беретін ұйымдарға бөлінеді, ал ауысу процесі білім сапасына әсер етпеуі үшін барлық ұйымдастыру шаралары қабылданады», – деп хабарлады әкімдік.


