Жалған инвестициялық платформалар: алаяқтарды қалай тануға болады

Фото: depositphotos
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жалған инвестициялық платформаларды қалай анықтауға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Агенттік азаматтарға мұндай алаяқтық схемаларының жиі кездесетін түрлерін атады.
«Жиі кездесетін сценарийлердің бірі – жалған инвестициялық платформа. Алаяқтар сырт көзбен қарағанда белгілі компаниялардан аумайтын немесе өздерін ірі банктер түрінде көрсететін сайттар жасайды. Әлеуметтік желілерде белсенді жарнамалау арқылы мұндай «жобалар» қысқа мерзімде, кейде азғантай сомаға салымдармен «жоғары кіріске» уәде береді. Көбінесе посттардың астында «көңілдері толған» инвесторлардың жалған пікірлері жарияланады. Роликтерде нейрондық желілердің көмегімен жасалған танымал тұлғалардың бейнелері пайдаланылады. Басты мақсат – сенім туғызу және жалған инвестициялық платформаға ақша салуға үгіттеу»,- деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Жалған платформалардың белгілері:
бейресми аккаунттардан жарнама;
сілтеме ресми сайтқа емес, бөгде ресурсқа апарады;
«кепілді» жоғары кіріс алуға уәде беру;
тез әрекет жасауға итермелеу;
қосымшаны AppStore немесе GooglePlay-ден басқалар арқылы жүктеп алу қажеттілігі.
Ұсынымдар:
Қаржы ұйымдарының лицензияларын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында тексеріңіз;
Банктер мен компаниялардың ресми сайттарында растаусыз жарнамаға сенбеңіз;
Платформаны толық тексергенге дейін дербес деректерді немесе ақшаңызды жібермеңіз.


