«Қазақтелекомнан» хабарласқан: Ақмолалық зейнеткерлер 3,5 млн теңгеден айырылды

Фото: pixabay.com
Ақмола облысында зейнеткерлер тиімді интернет-пакет қоспақ болып, шамамен 3,5 миллион теңгеден айырылып қалды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Киберполицейлердің хабарлауынша, қылмыскерлер өздерін зейнеткерлерге «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері етіп таныстырып, интернет-пакетті тиімді шарттармен қосуды ұсынған. Осылайша, қызметті ресімдеу үшін абоненттерге жіберілген сілтеме бойынша өту қажет болған.
«Степногорск қаласының 78 жастағы тұрғыны сілтеме бойынша өтіп 900 мың теңгеден айырылды. Осыған ұқсас тәсілмен Бурабай ауданының 76 жастағы тұрғыны алданды, оның шотынан 2 миллион 650 мың теңге ұрланды. Екі жағдайда да қаскөйлер жәбірленушілердің банктік шоттарына қашықтан қол жеткізген», — делінген хабарламада.
Ведомство аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгенін мәлімдеді.
Полицейлер азаматтарға белгісіз сілтемелер бойынша өтпеуге, растау кодтары мен дербес деректерді бөгде адамдарға бермеуге, қоңыраулар түскен кезде компаниялардың ресми байланыс арналары бойынша ақпаратты өз бетінше нақтылауға кеңес береді.


