Шымкентте алаяқтарға қызмет көрсеткен арнаның жолы кесілді

Фото: gov.kz
Шымкентте киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтарды қазақстандық SIM-карталармен қамтамасыз етіп келген арнаның жолын кесті.
Ведомствоның мәліметінше, жүргізілген мұқият талдау және жедел іс-шаралар нәтижесінде алаяқтарға қазақстандық байланыс операторларының абоненттік нөмірлерін берген тұлғалар анықталған.
«Бұл нөмірлер азаматтарға, оның ішінде шетелде жасалатын алаяқтық қоңырауларға пайдаланылған. Алдымен SIM-карталарды жаппай тіркеп, үшінші тұлғаларға WhatsApp мессенджеріндегі растау кодтарын беріп отырған ер адам ұсталды. Осылайша алаяқтар қазақстандық нөмірлерге тіркелген аккаунттарды өз бақылауына алып, қылмыстық схемаларда қолданған», — делінген хабарламада.
Одан бөлек, жедел іс-шаралар барысында киберполиция қызметкерлері екінші қатысушыны анықтаған.
«Ол – телефондарға арналған аксессуарлар дүкенінің сатушысы. Клиенттердің жеке деректерін пайдаланып, олардың атына қосымша абоненттік нөмірлер рәсімдеп, өткізіп отырған. Аталған арна арқылы 3 мыңнан астам абоненттік нөмір пайдалануға қосылып, интернет-алаяқтық әрекеттерде қолданылғаны белгілі болды. Қазір күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.
Осы орайда, полиция азаматтарға жәбірленушілермен тікелей байланыс болмаса да мұндай заңсыз схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Тәртіп сақшылары мессенджерлердегі растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуге және үшінші тұлғаларға өз атыңызға SIM-карта рәсімдеуге келіспеуге кеңес береді. Мамандар бұл қылмыстық схема болуы мүмкін екенін ескертеді.


