Желіде әскери қызметке қатысты жалған видеолар тарап жатыр

Фото:скриншот
Әлеуметтік желіде әскери қызмет пен сарбаздар туралы жалған видеолар көбейген, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желіде ұйықтап жатқан сарбаздың төсегін аударып жіберген видео тарады. Видео көпшілік арасында қызу талқыға түскен. Қорғаныс министрлігі аталған жайтқа қатысты ресми түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде ұйықтап жатқан адаммен бірге төсектің аударылып кеткені бейнеленген видеоматериалдың таралуына байланысты, видеоматериалдың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Атап айтқанда, бейнежазбада көрсетілген төсек-жабдықтары мен киім нысаны Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қолданылатын белгіленген үлгілерге сәйкес келмейді», — деп түсіндірді ведомство.
Одан бөлек желіде сарбаздардың орындыққа шығарып, жаттығу жасап жатқан видеосы кеңінен талқыланып жатыр. Ведомство бейнежазбаның ескі екенін мәлім етті.
«Бұл бейнежазба архивтік материал болып табылады және 10–15 жылдан астам уақыт бұрын орын алған оқиғаларға қатысты. Осы оқиға бойынша өз уақытында заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Зорлық-зомбылық көріністері мен адам қадір-қасиетін қорлайтын, сондай-ақ әдейі бұрмаланған немесе мәтіннен жұлып алынған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз», — делінген хабарламада.
Желіде, сондай-ақ әскери қызметте ұйықтап қалған сарбаздың видеосы тарады. Десе де ондағы сарбаз видеоның әзіл ретінде түсірілгенін мойындаған. Министрлік аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде қарулы күштердің беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын бейнематериал жарияланды. Аталған бейнематериал 2019 жылы әскери бөлімдердің бірінде түсірілген. Видеода бейнеленген сарбаздардың айтуынша, жазба әзіл ретінде, жеке мақсатта түсірілген», — делінген хабарламада.
ҚР Қорғаныс министрлігі бұрмаланған әрі жалған видеоматериалдарға сенбеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады. Ведомство қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат тарату және фактілерді бұрмалау үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады.


