ДСМ танымал блогердің Рудный ауруханасына қатысты шағымына жауап берді

Коллаж: NoFake.kz
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті блогер Татьяна Турлай жариялаған фактілерге байланысты «Рудный қалалық көпбейінді ауруханасы» КМК-ға қатысты жоспардан тыс тексеру бастаған.
Естеріңізде болса танымал блогер Таня Турлай Қостанай облысы Рудный қаласындағы ауруханалардың бірінде негізгі медициналық заттар мен дәрілік препараттардың тапшылығы жөнінде шағымданған еді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық ұйымның қызметіне аудит жүргізіп, дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін тексереді. Аталған жағдай ведомство басшылығының жеке бақылауында. Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша қазіргі уақытта аурухананың бөлімшелері медициналық көмек көрсету үшін жеткілікті көлемде қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген», — делінген хабарламада.
Ведомство тексеру қорытындысы бойынша халыққа сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылдайтынын атап өтті.


