Отбасы банк ломбардқа алтын өткізген адамға несие бермей ме

Фото: Freepik.com
Желіде ер адамның ломбардқа алтын сырғасын өткізген адамға Отбасы банк ипотека рәсімдеуге келісім бермегені туралы видео тарады. Банк осы жайтқа қатысты түсініктеме берді.
Әлеуметтік желіде ер-азамат кезінде ломбардқа алтын сырғасын өткізіп, салдарынан Отбасы банктен ипотека рәсімдей алған клиенттің оқиғасымен бөліседі.
Nofake.kz «Отбасы банктен егер адам Ломбардқа алтын өткізсе, банк расымен оған ипотеканы мақұлдамай ма?» деген сұраным жолдады. Банк өкілдері аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Несие өтінімдерін қарастыру кезінде клиенттің төлем қабылеті маңызды және бірінші кезектегі фактор болып табылады. Себебі ол несие беру туралы шешім қабылдауға әсер етеді. Егер өтініш берушіде қарыз, микроқарыз бойынша төлем мерзімі өтсе немесе ломбардта қарызын төлеуде кешігу болса, бұл ипотекалық несие беруден бас тартуға себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, банк шешіміне клиент ұсынған жалған ақпарат та әсер етуі мүмкін», — делінген хабарламада.
Отбасы банк, осы ретте ипотекалық несие беру туралы шешім қабылдауға әсер ететін негізгі факторлар атап өтті:
1. Клиенттің несие қабілетін бағалау, ол қарыз тарихын талдауды қамтиды, яғни ағымдағы және оған дейін жабылған кредиттер бойынша төлем мерзімі өткен қарыздардың бар-жоғын, сонымен қатар қарызды өтеу үшін табыстың жеткіліктілігін бағалауды қамтиды.
2. Банк талаптарына сәйкес келетін кепілдеменің болуы.
Яғни банк ломбардпен келісімшарт жасасқан адамға ипотека мақұлданбайды деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Ломбардта жасалған келісім — ипотеканы мақұлдамауға себеп болмайды. Ең бастысы – төлем тәртібі мен мерзімі өткен қарыздардың жоқтығы. Ал егер онда қарыздың мерзімінен өткені көрсетілсе, тек сол жағдайда ғана банк ипоетка беруден бас тартуы мүмкін», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банк БЖЗҚ-да артылған соманы пайдалана отырып қарызды өтеу ережесін өзгерткен еді.

