NoFake

Жетісуда интернет-таныстық арқылы азаматтарды бопсалаған 9 адам сотталды

Фото: depositphotos

Жетісу облысында интернет арқылы танысып, кейін азаматтарды бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Талдықорған қаласының 9 тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен оларды өз үйлеріне шақырған.

«Күдіктілер жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсетіп, жалған айып тағу арқылы қорқытып, ірі көлемде ақша талап еткен. Бұл әрекеттер алдын ала жоспарланған схема бойынша жүзеге асырылған», – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаменті.

Аталған қылмыстық схема 2024 жылғы мамыр мен 2025 жылғы наурыз аралығында іске асырылған. Тергеу барысында күдіктілердің рөлдерге бөлініп, жүйелі түрде әрекет еткені анықталған. Құқыққа қайшы әрекеттер әшкереленгеннен кейін күдіктілер ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Іс материалдары сотқа жолданды.

«Қылмыстық схема психологиялық қысым мен манипуляцияға негізделіп, жәбірленушілерді жалған түрде «зорлау фактісі бойынша полицияға арыз береміз» деп қорқыту арқылы жүзеге асырылған. «Мәселені реттеу» үшін олардан ірі көлемде ақша талап еткен. Азаматтар алдын ала бөлінген рөлдер бойынша әрекет еткен адамдар тарапынан қатты қысымға ұшыраған, – делінген полиция департаментінің ақпаратында.

Талдықорған қалалық сотының үкімімен 9 азамат ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқу үшін