Дипфейк пен бопсалау: Ұлытауда бір отбасын бес жыл бойы қудалау дерегі ашылды

Фото: polisia.kz
Ұлытау облысында киберполиция қызметкерлері бір отбасын бірнеше жыл бойы жүйелі түрде онлайн-қудалап келген күдіктіні анықтады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Тергеу мәліметінше, 22 жастағы Сәтбаев қаласының тұрғыны анонимді аккаунттар арқылы қорқытып, жалған ақпарат таратып, тіпті жасанды интеллект көмегімен жалған интимдік материалдар жасаған.
«Кейін қудалау одан да қауіпті деңгейге өткен. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, күдікті шын адамдай етіп интимдік сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар жасаған. Бұл материалдар интернетте таратылып, туыстарына, таныстарына және үшінші тұлғаларға жіберілген»,- деп хабарлады Polisia.kz басылымы.
2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білгеннен кейін күдікті бұл әрекетін одан әрі күшейткен. Ол жалған материалдарды қыздың болашақ күйеуінің отбасына да жіберіп, мәселені қоғам алдында масқаралауға дейін жеткізген.
«Соның салдарынан үйлену тойы болмай қалған. Қыз цифрлық кеңістіктен толықтай кетуге тырысқан кезде, қудалау оның жақын туысына бағытталған. Интернетте жалған анкеталар мен материалдар таралып, отбасының, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қауіп төнген. «Күдікті ретінде Сәтбаев қаласының 22 жастағы тұрғыны анықталды. Ұстау шарасы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен оның тұрғылықты мекенжайында жүргізілді,-деп хабарлады полиция департаменті.
Тінту барысында құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылған компьютерлік техника мен байланыс құралдары тәркіленді. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу барысында оның басқа да киберқылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.


