NoFake

6 оқушы ауруханада: Алматы мектебіндегі оқыс оқиғаға білім басқармасы жауап берді

Фото: depositphotos

Алматыдағы №199 мамандандырылған гимназияда мектептегі мәдени іс-шара барысында қолданылған сахналық түтін генераторынан кейін бірнеше оқушы өзін жайсыз сезініп, 6 бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Оқиғаға қатысты Алматы қаласы Білім басқармасы ресми түсініктеме берді.

«2026 жылғы 9 ақпанда Алматы қаласының №199 мамандандырылған гимназиясының акт залында мәдени іс-шара өткізу барысында сахналық түтін генераторы қолданылды. Оны пайдаланғаннан кейін бірнеше оқушы жөтеліп, көздері жасаурап, өзін жайсыз сезінді», – деп хабарлады Алматы қаласы Білім басқармасы.

Ведомство мәліметінше, гимназия әкімшілігі тарапынан шұғыл түрде барлық қажетті шара қабылданып, балаларды медициналық қызметкер қарап шыққан және жедел жәрдем шақырылған.

«Алматы қаласының балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығына 12 жастағы 6 бала «құрғақ тұманнан» жедел улану белгілерімен жеткізілді. Барлық бала профильді токсикология бөліміне жатқызылды. Жағдайлары орташа ауыр, тұрақты», – делінген ресми хабарламада.

Білім басқармасы балалардың ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, түтін генераторын қолдануға жол берген педагог тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Қазіргі уақытта гимназияда бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Жағдай мектеп әкімшілігі мен Алматы қаласы Білім басқармасының бақылауында», – деп мәлімдеді ведомство.

Сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығының мамандары ауа сынамаларына зертханалық зерттеу жүргізгені хабарланды. Оның нәтижелері қосымша жарияланбақ.

Оқу үшін