NoFake

2025 жылы TikTok Қазақстанда миллионнан аса видеоны бұғаттады

Фото: depositphotos.

Қысқа бейнероликтерге арналған TikTok платформасы Қауіпсіз интернет күніне орай 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы модерация нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Платформа мәліметінше, Қазақстанда Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 1 567 613 бейнеролик жойылған.

TikTok қауіпсіздікке басымдық беріп, платформаның 24/7 режимінде жұмыс істейтін модерация жүйесі арқылы қауіпті немесе ережеге қайшы контентті анықтап, жою жұмыстарын тұрақты жүргізетінін атап өтті.

«TikTok пайдаланушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап, шығармашылыққа қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруды жалғастырып келеді. Платформаның 24/7 режимінде жұмыс істейтін модерациясы Қауымдастық ережелерін бұзатын бейнеконтентті жояды», – делінген TikTok хабарламасында.

Платформа дерегіне сәйкес, Қазақстанда жойылған роликтердің 99,7%-ы алдын ала, яғни пайдаланушылар шағым түсірмей тұрып өшірілген. Ал контенттің 94,8%-ы жарияланғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде жойылған. TikTok бұл көрсеткіштің әлемдік орташа деңгейден жоғары екенін атап өтті.

Салыстыру үшін айта кетейік, 2025 жылдың екінші тоқсанында TikTok Қазақстанда 1,4 миллионнан астам бейнероликті жойған болатын.

Сонымен қатар TikTok бүкіл әлем бойынша да Қауымдастық ережелерін бұзған контент көлемін жариялады. Есепке сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында әлемде 200 миллионнан астам бейнеролик жойылған.

«Бейнеконтенттің 99,3%-ы алдын ала, яғни оған әлдебіреу шағымданбас бұрын жойылды. Ал роликтердің 94,8%-ы жарияланғаннан кейін 24 сағат ішінде жойылды», – деп хабарлады платформа.

TikTok LIVE қауіпсіздігіне ерекше назар аударатынын да мәлімдеді. 2025 жылдың үшінші тоқсанында бүкіл әлем бойынша Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 32 миллионнан астам LIVE-трансляция бұғатталған.

Платформа сондай-ақ тікелей эфирлерді монетизациялау ережелерін қатаң бақылауға алғанын хабарлады. 2025 жылдың үшінші тоқсанында монетизация талаптарын бұзуға байланысты шара қолданылған тікелей эфирлер саны 69%-ға өсіп, 3 914 684 трансляцияға жеткен. Ал шектеуге ұшыраған аккаунттар саны екі есеге артып, 2 107 177 аккаунтты құраған.

Оқу үшін