Атырау әуежайы бомба туралы жалған хабар үшін жұмысын тоқтатты

Фото: сайт polet.me
Атырау–Алматы рейсіне тіркелу кезінде жолаушының айтқан сөзі адамдарды эвакуациялауға және әуежай жұмысының уақытша тоқтауына әкелді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстан Республикасының Антитеррорлық орталығы әлеуметтік желілерде тараған Атырау әуежайындағы эвакуация видеосына қатысты түсініктеме берді.
«Көліктегі полицияның хабарлауынша, тіркеу барысында ер адам қол жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтып, көрінеу жалған ақпарат таратқан. Арнайы қызметтердің тексерісі нәтижесінде бұл мәлімет расталған жоқ», — делінген АТО хабарламасында.
Осы факті бойынша Көліктегі полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар ведомство ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу мәліметтері жария етілмейтінін еске салды.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Тексеру аяқталғаннан кейін әуежай қалыпты режимде жұмысын қайта жалғастырды.


