Алматы облысының тұрғыны тик-токтағы жалған видео үшін айыппұл арқалады
Алматы облысының тұрғынына жалған «қалыңдық ұрлау» видеосы үшін 60,5 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«TikTok желісінде 15 қаңтар күні жарияланған бейнежазба қысқа уақытта кең таралып, көпшілік оны шынайы қылмыс деп қабылдаған. Алайда сот барысында әйел адамның «қалыңдық ұрлау» көрінісін қаралым жинау мақсатында ойдан шығарғаны анықталды»,- деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ол кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген. Сот бұл жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келіп, іс әкімшілік тәртіппен қаралған.
Бастапқыда айыппұл мөлшері 20 АЕК — 86 500 теңге болған. Жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, сома 30 пайызға қысқартылды. Енді әйел 60 550 теңге төлеуі тиіс.


