«Инфоцыгандарға» тосқауыл: Қазақстанда коучтарға қойылатын жаңа талап бекітілді

Фото: Depositphotos
Қазақстанда коучтарға қойылатын талаптар мемлекеттік деңгейде бекітілді. Жаңа стандарт нарықты реттеп, сапаны бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Жаңа стандарт коучингтің кәсіби шекараларын алғаш рет заңды түрде бекітті. Енді бұл қызмет түрі психотерапиядан, психологиялық кеңес беруден және тәлімгерліктен (менторлықтан) ресми түрде ажыратылды. Мұндай нақтылық клиенттерге қызметтің айырмашылығын түсінуге, ал мамандарға өз құзыреті шеңберінде сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Құжатта бекітілген негізгі талаптар:
Кәсіби этика: Мамандардың жауапкершілігі мен этикалық нормалары қатаң сақталуы тиіс.
Даярлық деңгейі: Коучтың біліктілігі мен қажетті құзыреттеріне қойылатын талаптар нақтыланды.
Біліктілікті растау: Бейресми білім алған мамандардың да өз деңгейін растау тәртібі белгіленген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам нарықтағы «инфоцыгандықпен» күресуге және кәсіби коучинг мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізбек. Енді әрбір клиент маманнан мемлекеттік стандартқа сай келетін сертификатты талап ете алады.
«Біздің міндетіміз ұғымдардың орынсыз алмастырылуынан және жосықсыз тәжірибелерден азаматтарды қорғау. Коучинг түсінікті, ашық әрі жауапты қызмет болуы тиіс, міндеттемесіз көмескі ұғымға айналмауы керек», — деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наумова.
Жаңа ережелерге сәйкес, Қазақстанда коучтердің ашық тізілімі қалыптастырылады. Бұл платформада әр маманның алған білімі мен дипломдары, халықаралық немесе отандық сертификаттары, расталған кәсіби біліктілік деңгейі туралы мәліметтер ашық көрсетіледі.
Бұл қадам нарықты «өзін-өзі коуч деп жариялаған» кәсіби емес тұлғалардан тазартуға мүмкіндік береді. Оқырман енді кез келген маманның құзыретін ресми база арқылы тексере алады.
Тек стандарт бекітіліп қана қоймай, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға да арнайы өзгерістер мен толықтырулар әзірленді. Бұл түзетулер коучинг қызметінің сапасына деген жауапкершілікті заң жүзінде күшейтуді көздейді.
Айта кетейік, бүгін 247 млн теңге айналым жасаған блогер Жанәбілевтер отбасына қатысты тергеу аяқталды.


