Туған күнге де беріледі: Мемқызметкерлерге сыйақы берудің жаңа ережесі қандай

Фото: Baq.kz
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік органдар қызметкерлеріне сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыға үстемеақылар белгілеу тәртібі жаңартылды. nofake.kz/ сыйақы берудің жаңа ережесін түсіндіреді.
Өзгерістер сыйақы беру негіздерінің тізімін кеңейтеді және басшыларға төлемдерді бөлу кезінде көбірек дербестік береді. Жаңа ережеге сай үстемеақы мына жағдайларда төленеді: қысқартылған қызметкерлердің немесе бос және уақытша бос лауазымдардың функцияларын негізгі жұмысымен қатар атқарғаны үшін; уақытша жұмыста жоқ қызметкердің міндеттерін орындаған жағдайда; қызметкерге міндет көлемі кеңейтілгенде; кәсіби жоғары деңгеймен және құзыреттілікпен қатар жеткілікті тәжірибесі мен машығын жұмыста табысты қолданғаны үшін; мемлекеттік құпия құжаттармен жұмыс істеген кезде орындалған жұмыс көлеміне қарай; сондай-ақ қызметкер денсаулығына байланысты төмен жалақысы бар лауазымға ауыстырылған жағдайда еңбекке жарамдылығы қалпына келгенге немесе мүгедектік белгіленгенге дейін үстемеақы белгілеу мүмкін.
Материалдық көмек қандай жағдайда төленеді?
Жаңартылған қағидаларға сәйкес, мемлекеттік қызметкерге материалдық көмек тек нақты көрсетілген әлеуметтік жағдайларда төленеді. Материалдық көмек қызметкердің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары қайтыс болғанда; қызметкер некеге тұрған жағдайда; баласы туған немесе бала асырап алған кезде; он және одан көп күн стационарлық немесе амбулаторлық ем қабылдаған жағдайда (санаторийлік емнен басқа); тонау, ұрлық секілді құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан немесе өрт, су тасқыны, жер сілкінісі секілді табиғи апат салдарынан мүліктік зиян келтірілгенде; сондай-ақ қызметкер зейнеткерлікке шыққан кезде беріледі. Қаулыда сыйақы төлеуді белгілі бір күндерге орайластыруға да мүмкіндік берілген. Атап айтқанда, сыйақы мереке күндеріне, мереке және мерейтой күндеріне, сондай-ақ қызметкерлердің мерейтойларына байланысты төленуі мүмкін.
Бұл көмектің тағы бір маңызды шарты бар: материалдық көмек төленуі үшін көрсетілген жағдайлар қызметкер осы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген кезеңде орын алуы қажет.
Сыйақыны кім бекітеді және төлем қалай рәсімделеді?
Жаңартылған тәртіпке сәйкес, қызметкерлерге сыйақы беру және үстемеақы белгілеу тікелей басшылардың немесе құрылымдық бөлімше жетекшілерінің жазбаша ұсынымы негізінде жүзеге асырылады. Осы ұсынымнан кейін тиісті бұйрық шығарылады. Сонымен қатар ведомстволардың аумақтық бөлімшелері мен мемлекеттік мекемелер басшыларына сыйақы беру және үстемеақы белгілеу жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың ұсынымымен жүргізіледі.
Құжатта орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімше басшыларына сыйақы беру тәртібі де нақты жазылған: ол жоғары тұрған тұлғаның ұсынымы негізінде немесе тиісті өкілетті тұлғалар арқылы жүргізілуі мүмкін. Сыйақы беру туралы ұсынымда қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, сыйақы немесе үстемеақы беру үшін негіз және қажет болған жағдайда мөлшері көрсетілуі тиіс.
Материалдық көмекке өтініш беру мерзімі қандай?
Материалдық көмек төлеу тәртібі де нақты регламенттелген. Қызметкер материалдық көмек алу үшін өтініш береді немесе комиссия қорытындысы негізінде бұйрық шығарылады. Ережеге сәйкес, материалдық көмек төлеу қызметкер өтініш берген күннен бастап бір жыл ішінде жүргізіледі. Алайда төлем жүзеге асырылатын күні қызметкер сол мемлекеттік мекемемен еңбек қатынастарында болуы тиіс.
Материалдық көмек көрсету туралы өтініш 8-тармақта көрсетілген жағдай басталған күннен бастап екі ай ішінде берілуі керек. Ал қызметкердің зейнетке шығуына байланысты төлем бойынша өтініш кемінде бір ай бұрын тапсырылуы тиіс.
Сыйақы мен үстемеақы қандай қаражат есебінен төленеді?
Қаулыға сәйкес, сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және үстемеақы белгілеу көбіне мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеу есебінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, іссапарлар, үй-жайды жалдау, коммуналдық қызметтер, байланыс, көлік, электр энергиясы, жылыту, ғимараттарды жөндеу және өзге де қызмет түрлері бойынша үнемделген қаражаттың белгілі бір бөлігі осы төлемдерге бағытталуы мүмкін. Жыл бойы үнемделген мемлекеттік бюджет қаражатының жалпы көлемінің 30 пайызынан асырмай төлеу көзделген, ал желтоқсанда жыл бойы үнемделген қаражаттың толық көлемінде төлеуге мүмкіндік берілген.
Сонымен бірге жалақы, өтемақы төлемдері, әлеуметтік салық және басқа да төлемдер бойынша үнемделген қаражат толық көлемде пайдаланылуы мүмкін екені көрсетілген. Бұл нормалар 13-тармақтың жаңа редакциясында жазылған және ол да №54 қаулымен енгізілген.
Қысқарту болған жағдайда үстемеақы қалай төленеді?
Қаулыда тағы бір маңызды норма бар. Егер мемлекеттік орган қызметкерлерінің штат санын қысқарту туралы шешім қабылданса, қысқарту нәтижесінде босаған қаражат есебінен үстемеақы толық көлемде белгіленуі мүмкін.
Бонустар төлеу тәртібі қалай есептеледі?
Қаулыда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібі де қайта нақтыланған. А және Б корпусы қызметкерлеріне бонус төлеу олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша жүргізіледі. Бонус төлеу жыл қорытындысы бойынша жүзеге асырылады, ал қызметкер жұмыстан шықса немесе еңбек қатынастары тоқтатылса, бонус нақты жұмыс істеген уақытына пропорционалды түрде төленеді. Сонымен қатар, бонусты есептеу формуласы бекітілген. Онда лауазымдық айлықақы, қорытынды бағалау нәтижесі және нақты жұмыс істеген уақыт ескеріледі.


