Павлодарда фейк видео авторлары қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Фото:
Павлодар облысы Полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға байланысты тексеру жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Видеода ер адамның қызға қол көтеріп, ал қыздың кешірім сұрағаны байқалады. Сондай-ақ кадрда екінші ер адамның жанында тұрып, пікір білдіргені көрінеді.
Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
«Алдын ала ақпарат бойынша, бейнежазба қойылымдық сипатта болған және оны қыз таныстарымен бірлесіп өзі ұйымдастырған. Алайда тексеру барысында «қойылым» кезінде нақты құқыққа қайшы әрекеттер орын алғаны анықталған. Екі ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар қыздың бұған дейін, оның ішінде алаяқтық дерегі бойынша сотталғаны белгілі болды»,-деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге, видеожазбаның қойылымдық сипатына қарамастан, денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында келтірілген зиянның дәрежесі, оқиғаның себептері және әр қатысушының рөлі анықталуда.
Полиция оқиғаға қатысқан және бейнежазбаны таратуға қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін хабарлады.


