NoFake

Ақтөбе тұрғыны қатарынан екі рет алаяқтардың құрбаны болды

Фото: Egov.kz

Ақтөбе қаласының 52 жастағы тұрғыны интернет-алаяқтардың уәдесіне сеніп, бұрын ұрланған қаражатын қайтарып аламын деп тағы да алданған, деп хабарлайды nofake.kz/.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам YouTube платформасынан алаяқтық салдарынан жоғалған ақшаны қайтарып беруді уәде еткен жарнаманы көрген.

«Бір жыл бұрын ол өзін криптовалютаға инвестиция салуға көндірген белгісіз тұлғалардың құрбаны болған. Жоғары табысқа уәде берген алаяқтардың әрекеті салдарынан азамат 7 миллион теңгесінен айырылған. Жоғалған қаражатты қайтару әрекеті тағы бір алаяқтыққа ұласқан. Ақшаны «қайтарып беруге көмектесеміз» деген адамдарға ол қосымша 400 мың теңге аударып, көп ұзамай өзін маман ретінде таныстырғандар байланысқа шықпай қойған», — деді полиция департаменті.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдікті тұлғаларды анықтау және ұстауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Интернеттегі жеке хабарландырулар арқылы алаяқтар ұрлаған ақшаны кепілдікпен қайтарып беретін заңды жолдар жоқ. Ал, сыйақы үшін «100% қайтарып береміз» деген уәделер — қайталама алаяқтықтың кең таралған түрі», — деп ескертті облыстық полиция департаменті.

Күдікті ұсыныстар алған жағдайда азаматтарға дереу полицияға жүгіну ұсынылады.

Оқу үшін