Астанада TikTok желісіндегі жалған «емші» сотталды

Коллаж: Gov.kz
«TikTok» әлеуметтік желісінде өзін «емші» ретінде таныстырып, экстрасенсорлық қабілеттерім бар деп халықты сендірген жалған емші ұсталды, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Ол әлеуметтік желілер арқылы жәбірленушінің денсаулығында мәселе барын біліп, өзін ерекше қабілетке ие «емші» ретінде таныстырып, белгілі бір ақыға емдей алатынына сендірген. Осылайша, кінәлі 3 жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден асатын ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен иемденіп, оны букмекерлік кеңселерде ставка жасауға жұмсаған»,-делінген Бас прокуратураның ресми хабарламасында.
Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемелерді ұсынды.
«Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды ішінара өтеген. Сот үкімімен кінәлі адам 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді», — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Прокуратура азаматтарды сақ болуға, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және мұндай фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырды.


