Конституция жобасында халықаралық шарттар нормасы қалай өзгерген

Фото: Gov.kz
Әлеуметтік желілерде жаңа Конституция мәтінінде ратификацияланған халықаралық шарттар туралы нормаға қатысты екіұдай пікірдегі жазбалар тарап жатыр, деп хабарлайды nofake.kz/.

Кей жазбаларда бұл өзгеріс халықаралық міндеттемелерден бас тарту немесе шарттардың күшін жою ретінде түсіндірілген. Алайда жоба мәтінінің өзіне сүйенсек, мәселе норманың мазмұнын емес, тұжырымы мен реттеу деңгейін өзгертуге қатысты. Талқылауға ұсынылған мәтінде халықаралық шарттарды қолдану тәртібі нақты сақталған.
«Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады. Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы – оларды қолданудың міндетті шарты»,-деп көрсетілген.
Бұл нормалар халықаралық шарттардың күшін жоюды немесе халықаралық міндеттемелерден бас тартуды білдірмейді. Жоба мәтінінде халықаралық шарттардың Қазақстан аумағында қолданылатыны сақталған, бірақ оларды қолдану тәртібі мен құқықтық реттелуі Конституцияның өзінде емес, заңдар арқылы айқындалатыны көрсетілген.
Құжаттың ресми нұсқасы Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты сайтында және ресми басылымдарда жарияланған.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Конституцияның жаңа жобасында Қазақстан Республикасының атауы өзгертіліп, «Қазақия» деп аталатыны туралы жалған ақпарат тарап жатқаны жайлы жазған болатынбыз.


