Желіде тағы да депутат туралы дипфейк тарады

Скриншот видео
Желіде ЖИ көмегімен жасалған депутат туралы тағы бір дипфейк тарады. Видео қырғыз тіліндегі пабликте жарияланса да, пікірлердің басым көпшілігі қазақ тілінде, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтылған, тілі түсініксіз «депутаттың» қатысуымен жасалған кезекті дипфейк-ролик таралып жатыр. Видео қазірдің өзінде шамамен 4 миллион қаралым жинаған.
Тексеру нәтижесі роликтегі барлық кейіпкерлердің ойдан шығарылғанын көрсетті. Сонымен бірге, қазақ тіліндегі пікірлерге қарағанда, аудиторияның едәуір бөлігі «депутатты» жасанды түрде жасалған бейненің нақты белгілеріне қарамастан, шынайы депутат деп қабылдаған.
Жазбаның дипфейк екендігін бірқатар белгілерден көруге болады. Атап айтқанда, түсірілім жүргізілген бөлменің ішкі көрінісі Қазақстан Парламенті Мәжілісі залының нақты дизайнына сәйкес келмейді. Сондай-ақ ерін қимылы мен сөйлеу арасында айқын сәйкессіздік бар, ал кейіпкерлердің бет-әлпеті табиғи емес, қатаң қатып қалған маскаға ұқсайды. Артқы фон бұлыңғыр, ал қосалқы кейіпкерлердің мимикасы болып жатқан жағдаймен үйлеспейді: салмақты адамдардың арасында кей сәттерде күліп тұрған адамдардың кадрлары көрініп қалады.
Басты «кейіпкердің» сөзі байланыссыз әрі үзік-үзік: ойлары соңына дейін жеткізілмейді, белгісіз адресатқа жүгінеді және бейәдеп сөздерді қолданады — бұл арандатушылық контентке тән тәсіл.
Роликке ешқандай сипаттама жазылмағанымен, ол 54 мыңнан астам лайк, 161 мың репост және шамамен 8 мың пікір жинаған.
Айта кетерлігі, автор парақшасындағы өзге жарияланымдар қырғыз тілінде рәсімделіп, арандатушылық әрі әзіл-сықақ сипатта. Контент авторының аудиториясы шамамен 50 мың оқырманнан тұрады.


