Қазатомөнеркәсіп Laramide және Aral LTM-мен байланысы жоқ екенін мәлімдеді

Фото: kazatomprom.kz
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Laramide Resources Ltd және Aral Resources Ltd компанияларымен бірлескен кәсіпорындары, шарттық қатынастары немесе ортақ жобалары жоқ екенін және бұрын да болмағанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Жарияланымда аталған жобалар мен шешімдер үшінші тараптардың бастамалары болып табылады және Қазатомөнеркәсіптің қызметіне қатысы жоқ. Қазатомөнеркәсіп материалда көрсетілген уран барлау жобаларының қатысушысы болып табылмайды және серіктестік немесе шарттық қатынастары жоқ компаниялардың коммерциялық шешімдері мен мәлімдемелеріне түсініктеме бермейді», — делінген хабарламада.
Еліміздегі уранның минералдық-шикізаттық базасын дамыту және болжанған геологиялық-барлау жұмыстарының ауқымы туралы ақпаратқа қатысты Қазатомөнеркәсіп хабарлады:
«Laramide Resources Ltd компаниясы опциондық келісім жасасқан «Aral Resources Ltd» компаниясының жалпы ауданы 5,5 мың км² аумақты қамтитын барлау лицензиялары қатты пайдалы қазбаларға (ҚПҚ) берілген және ықтимал уран ресурстарына айрықша құқықтарды көздемеген. Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасында уран өндіруге басым құқыққа бұрыннан бері ие. Жекелеген компанияның мәлімделген жоспарларын іске асыра алмауы нарықтағы басқа қатысушылардың, соның ішінде Қазатомөнеркәсіптің қызметіне қатысты жалпылама қорытындылар жасауға негіз бола алмайды»,-деді баспасөз қызметі.
Ресми хабарламада сондай-ақ айтылғандай, Қазатомөнеркәсіп уран қорларының орнықты өсуін қамтамасыз етіп, жаңа геологиялық-барлау жобаларына тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Компания ұлттық оператор ретінде еліміздің уран қорларын тиімді пайдалану саясатын ұстанады және алдағы ондаған жылдарға жеткілікті көлемде қосымша уран ресурстары мен қорларын анықтау жоспарланып отыр. Жер қойнауын пайдалану құқығы тек Қазатомөнеркәсіпке тиесілі және ол барлық геологиялық-барлау жұмыстарын Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып жүргізеді.


