Ақмола тұрғыны жалған инвестициялық платформа құрбанына айналды

Фото: gov.kz
Ақмола облысының киберполициясы өңір тұрғындарын жалған инвестициялық платформаларға байланысты интернет-алаяқтықтардан сақ болуға шақырады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Полиция хабарлауынша, тұрақты алдын алу шараларына қарамастан, азаматтар «жылдам табыс» уәделеріне сеніп, ірі сомадағы ақшаларын жоғалтып жатыр.
«Бурабай ауданы полиция бөлімінде осындай алаяқтық фактісі тергелуде. Зардап шеккен — жергілікті қонақ үйлердің бірінде жұмыс істейтін 50 жастағы әйел. Ол «Industrial Trade» инвестициялық платформасында жоғары дивиденд алу мүмкіндігіне сеніп, алаяқтарға 8 000 000 теңге аударған. Полицейлер анықтағандай, 2 миллион теңгені әйел өз атына несиеге рәсімдеген, ал қалған 6 миллион теңгені екі әріптесіне рәсімдеген. Нәтижесінде, уәде етілген капиталдың ұлғаюы орнына зардап шегуші бірнеше несие төлеуге мәжбүр болып отыр»,-делінген ресми хабарламада.
Осы факті бойынша тергеу басталып, қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Полиция атап өткендей, осындай алаяқтық құрбандары әртүрлі жастағы және әртүрлі мамандықтағы адамдар болады. Алаяқтар әртүрлі қысым мен сендіру тәсілдерін қолданып, азаматтарды ірі сомадағы қаражатты салуға көндіреді.
Заң қорғау органдары азаматтарға мынадай кеңестер береді:
Қысқа мерзімде кепілдендірілген және жоғары табыс уәде ететін инвестициялық платформаларға сенбеңіз;
Белгісіз адамдардың, соның ішінде мессенджердегі «қаржы кеңесшілерінің» кеңесіне сүйене отырып ақша аудармаңыз және несие рәсімдемеңіз;
Жеке деректеріңізді, банк картасының реквизиттерін және растайтын кодтарды үшінші тұлғаларға бермеңіз.


