Жалған, нөмірі жоқ көліктерді анықтаймыз: ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады

Фото: pixabay.com
ҚР ІІМ жалған және нөмірі жоқ көліктерді анықтау мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын бастады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ведомство жолдардағы апат деңгейін төмендету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 23-25 қаңтар аралығында республика аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді.
Оның мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және елдегі заңдылықты нығайту.
«Іс-шара аясында полиция қызметкерлері басқа да құзыретті органдармен бірлесіп, еліміздің жолдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, құқық бұзушылықтарды анықтайды. Сондай-ақ халықпен, әсіресе жасөспірімдер мен жастармен түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Жолаушыларды тасымалдау кезіндегі жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жалған немесе мемлекеттік нөмірі жоқ көліктерді басқаратын азаматтарды анықтауға және қауіпті жүргізушілерге басым назар аударылады», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге хабарламада жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын, ауа райының нашарлауы кезінде жолға шығу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауын бақылау қамтамасыз етілетіні айтылады. Ішкі істер министрлігі елді мекендерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.


