Ұлттық Банк банк клиенттерінің құпия дерекқоры бар деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: nationalbank.kz
Ұлттық банк Қазақстанда банкомат клиенттерінің жеке деректеріне қатысты құпия дерекқор бар деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Банкоматтарға төлем карточкасы иесінің бет-бейнесін тіркеуге мүмкіндік беретін кемінде бір камера орнатылады. Камераға жазылған бейнежазбалар кемінде 180 күнтізбе күн сақталады. Банкоматтарға камера тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылады: бұл алаяқтық, ұрлық, төлем карточкаларына заңсыз қол жеткізу және басқа да заңға қайшы әрекеттердің алдын алу және тергеу үшін қажет. Сақталған бейнежазба даулы жағдайларда немесе құқық бұзылған кезде дәлел ретінде қолданылады, сонымен қатар банк клиенттері мен қаржы ұйымдарын түрлі қауіптен қорғауға мүмкіндік береді»,- делінген ресми хабарламада.
Банк хабарлауынша, Қазақстан Республикасының «Банктер және банк қызметі туралы» Заңының 50-бабында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, клиент және олардың операциялары туралы мәлімет банк құпиясына жатады және клиенттің келісімінсіз оны жария етуге тыйым салынады.
«Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңына, жеке деректерді қорғау заңына, банк құпиясымен қатар, ақпаратты қорғау талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес, мәлімет банктерде бейнежазбаларды талап ету және алу тәртібі мен негіздеріне сәйкес сақталады», -деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, банкоматтарға камера орнату талабы жаңадан енгізілген норма емес, ол бұрыннан қолданылып келеді.


