NoFake

Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды

Fb6c1376 82ce 44cd 86ed f0f0a1d2a553

Фото: Akorda

Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда болашақ жаңа палаталы Парламент туралы сөз етті, деп хабарлайды nofake.kz/.

Мемлекет басшысы жаңа бір палаталы Парламентте қанша депутат мандат алатынын атап өтті.

«Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», — деді президент.

Сондай-ақ, Парламенттің мандат санының да қанша болатынын мәлімдеді.

«Депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс! Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек»,- деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтай бесінші рет өтіп жатыр. Құрылтай барысында «Әділ сөз» қорының басшысы Мемлекет басшысынан медисауаттылықты арттыру үшін БАҚ-қа қолдау сұрады. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда елімізде неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігін мәлімдеді. Салық кодексіне қатысты да сын айтты.

Оқу үшін