Шынайы аккаунтты жалғаннан қалай ажыратуға болады

Фото: pixabay.com
Шынайы аккаунттарды жалған профильдерден қалай ажыратуға болады. nofake.kz/. тиімді жолдарын ұсынады.
Алаяқтар бүгінде желіде түрлі жалған профильдер ашып, азаматтарды алдап соғуда. Олар осы арқылы жеке адамның абыройына да нұқсан келтіреді. Осы орайда, назарларыңызға жалған аккаунттарды шынайыдан ажыратудың бірнеше жолын ұсынамыз.
1. Профильдің басты фотосын (аватарын) зерттеңіз
Әдетте әлеуметтік желіні белсенді қолданатын адам уақыт өте профильдегі суретін ауыстырып отырады. Егер аккаунтқа 2–3 жыл немесе одан да көп уақыт өтсе және ондағы фото өзгермесе, бұл күмән келтіреді. Сол сияқты аватарда бет-әлпет көрінбей, танымал адамның суреті қолданылса немесе сурет сапасы өте нашар болса, я болмаса мүлдем фото болмаса – бұл жағдайда да сақ болған жөн. Одан бөлек, күдікті аккаунттың аватарын іздеу жүйесіне жүктеп көріңіз. Себебі, фото басқа біреудің парақшасынан ұрланған болуы мүмкін.
2. Профильдің фотоальбомын қараңыз
Фейк аккаунттар көбіне жаппай, бір сәтте жасалады. Сондықтан олардың барлық фотолары бір күнде, тіпті бір сағаттың ішінде жүктелген болса, ол да күмәнді аккаунт болуы мүмкін.
3. Профильдегі ақпаратты тексеріңіз
Әдетте адамдар өз парақшасында «өзі туралы» бөлімді толтырады. Оған туған күні, жұмыс орны, оқыған мектебі, отбасылық жағдайы жатады. Осы орайда төмендегі атауларға ерекше назар аударыңыз:
Біріншіден. Есім мен никнеймге назар аударыңыз. Мысалы, іздеуге Айгүл Адамова (ред. аты-жөні ойдан құрастырылған) деп терсеңіз, жалған аккаунттарда артық әріптер (мысалы: Айгуля), сандар, қосымша сөздер немесе қате жазулар жиі кезедседі.
Екіншіден. Танымал адамдар мен компаниялардың ресми парақшаларында әдетте верификация белгісі (көк галочка) болады.
Үшіншіден. Аккаунттың қашан құрылғанын қараңыз, себебі ондағы алғашқы жазбалардан-ақ жаңа аккаунт екенін байқауға болады.
Төртіншіден. Жарияланымдарды шолып шығыңыз. Ондағы контенттің тақырыбы өзгерсе, оған да мән беру керек. Себебі, кейде аккаунт бұзылып, ондағы мазмұн түгелімен ауысуы мүмкін.
4. Жазылушыларды (достарын) қараңыз
Контент аз болып, алайда жазылушылары тым көп болса, бұл күмәнді аккаунт деп есептей беріңіз. Ортақ достарыңыздың барына, жазылушылардың шынайы адамдар екеніне, «бот» емес екеніне көз жеткізіңіз.
5. Қарапайым сұрақ қойыңыз
Егер парақшада адам сіздің қалаңыздан деп көрсетілсе, мысалы, қай көшеде тұратынын сұрап көріңіз. Фейк аккаунттар әдетте нақты жауап бермейді немесе мүлде сөйлесуден қашады. Сол сияқты танысыңыздың парақшасы бұзылған болуы мүмкін деп күдіктенсеңіз және ол сізден ақша немесе күмәнді сілтемеге өтуді сұраса, асықпаңыз. Алдымен танысыңызбен басқа байланыс арнасы арқылы хабарласып көріңіз.
Бұл белгілердің барлығы профильдің толық шынайы екеніне 100% кепілдік бермесе де, адамдарды алаяқтардың құрбаны болмаудан сақтайды.


