АҚШ сенаты дипфейк құрбандарына сотқа жүгіну құқығын берді

Фото: Cath Virginia
АҚШ Сенаты DEFIANCE Act (Disrupt Explicit Forged Images and Non-Consensual Edits Act) деп аталатын заң жобасын бірауыздан қолдады, деп хабарлайды nofake.kz/.
The Verge сайтының хабарлауынша, бұл заң бет-бейнесі келісімінсіз жасалған сексуалдық дипфейк бейнелерде пайдаланылған адамдарға мұндай контентті жасаған тұлғаларды сотқа беруге және азаматтық шығын үшін өтемақы талап етуге мүмкіндік береді.
Аталған заң қолданыстағы Take It Down Act заңын толықтырады. Бұл акт платформаларды келісімсіз таратылған интимдік материалдарды жедел түрде жоюға міндеттейді. Ал жаңа заң, негізінен, контентті таратушыларға емес, тікелей оны жасаушыларға жауапкершілік жүктеуге бағытталған.
«Заң жобасының қабылдануы АҚШ-та және әлем бойынша X платформасына тиесілі Grok чат-боты арқылы дипфейктердің жаппай жасалуына қатысты кең талқылау аясында өтті. Атап айтқанда, адамдарды олардың келісімінсіз «виртуалды түрде жалаңаштау» бейнелері қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Заң авторларының бірі, сенатор Дик Дурбин және өзге де заң шығарушылардың айтуынша, мұндай зиянды бейнелер қоғам назарын аударғанына және сынға ұшырағанына қарамастан, X платформасы оларды әрдайым жедел түрде алып тастамаған әрі жәбірленушілерді жеткілікті деңгейде қорғай алмаған», — деп жазды басылым.
Бұл заң жобасы алғаш рет 2024 жылы Сенатта қабылданған. Ол кезде бастама Тейлор Свифтке қатысты дипфейк жанжалынан кейін кең қолдауға ие болды. Заң жобасын екі партияның сенаторлары да қолдап, Өкілдер палатасындағы демеушілердің бірі ретінде өзі де дипфейктің құрбаны болған Александрия Окасио-Кортес шықты. Дегенмен Сенатта қабылданғаннан кейін заң жобасы күшіне енуі үшін оны Өкілдер палатасы мақұлдап, АҚШ президенті қол қоюы тиіс.


