Kundelik, BilimClass: Алматыда мыңдаған оқушының жеке деректері тарағаны рас па

Фото: bilimdinews.kz
Алматы қаласы білім басқармасы оқушылардың жеке деректерінің таралуын жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желі мен бірқатар отандық пабликтерде Алматы қаласының мектеп оқушыларының жеке деректері таралғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ ата-аналар мен ұстаздар да кімнің қай платформада жұмыс істейтінін білмейтінін, жалпы жүйеде шикіліктер көп екенін желіде жазып, шағымданып жатыр.

Осыған орай, Алматы қаласы білім басқармасына хабарласып көрдік. Ведомство өкілдері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде қаланың мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында оқитын білім алушылардың жеке деректерінің таралуы туралы ақпарат жалған екенін, аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
«Білім беру процесін есепке алудың жаңа цифрлық жүйесіне көшу аясында білім алушылардың, олардың заңды өкілдерінің және педагог қызметкерлердің жеке деректерін үшінші тұлғаларға беру фактілері орын алған жоқ. Жеке деректерді өңдеу білім беру ұйымдары тарапынан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына қатаң сәйкес келеді және тек білім беру процесін қамтамасыз ету мен ұйымдастыру мақсатында жүзеге асырылды. Азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және расталмаған ақпаратты таратудан аулақ болуға шақырамыз», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, BilimClass платформасын жасақтаған компания — Bilim Group өкілдеріне хабарластық. Компания бүгінде платформа енгізілген мектептердің барлығында BilimClass қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Алматы қаласының 225 мектебі BilimClass платформасында қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Bilim Group баспасөз қызметі атынан Білім беру процесіне зиян келмегенін, қолданушылардың деректері мен ақпараттық қауіпсіздігі толық көлемде қамтамасыз етілгенін хабарлаймыз», — дейді компания өкілдері.
BilimClass еліміздің қай өңірлеріне енгізілді?
Оқушыларға баға қоюға арналған BilimClass платформасы еліміздің 11 өңірінде, атап айтсақ Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында енгізілгені анықталды. Бүгінде бұл өңірлердегі 2,5 миллион оқушы мен 350 мың мұғалім осы жүйені пайдаланып келеді.
Министрлік не дейді?
ҚР Оқу-ағарту министрлігі аталған жайтқа қатысты ресми түсініктеме берді.
«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі үшін білім беру үдерісінің сапасы, білім алушылар мен педагогтердің дербес деректерін қорғау, сондай-ақ қолданылатын цифрлық шешімдердің ашықтығы мен есептілігі негізгі басымдық болып қала береді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабы 2-тармағының 1-1 тармақшасына сәйкес, оқу үдерісін ұйымдастырудың бір бөлігі ретінде мектептерде цифрлық білім беру платформаларын пайдалану туралы шешім жергілікті білім беруді басқару органдары деңгейінде қабылданады. Бұл ретте мұндай шешімдерді қабылдау кезінде білім беру үдерісінің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелері ескерілуі тиіс», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Министрлік жалпы білім беру үдерісін ұйымдастыруға қатысты барлық мәселелер мен ұсыныстар белгіленген тәртіпке сәйкес қаралатынын атап өтті. Қазіргі таңда аталған іс соттың қарауында. nofake.kz/ осы мәселе төңірегіндегі жаңалықтарды назарда ұстайды.


